Название | Жалпы гидробиология |
---|---|
Автор произведения | Б. Минсаринова |
Жанр | Учебная литература |
Серия | |
Издательство | Учебная литература |
Год выпуска | 2017 |
isbn | 978-601-04-2166-0 |
6-сурет. Нейстон өкілдері:
1 – суаршын қандаласы – Hydrometra, 2 – су қандаласы – Notonecta, 3 – косқанаттылар – Stratiomylidae дернәсілі, 4 – суайналғыш қоңыз – Gyrinidae, 5 – сусүйгіш қандала – Hydrophilidae, 6 – Culex масасының дернәсілі, 7 – cу сүңгуір қоңызы Dytiscus дернәсілі, 8 – моллюска – Limnea (А.С. Константинов бойынша, 1986)
Көлдердің бентосы түрлік құрамы және саны жағынан литоралда жақсы дамиды. Сублитораль мен әсіресе профундалда ол аз кездеседі. Себебі түптік жасыл өсімдіктер көлдерде тек саяз жерлерде ғана өседі, яғни түптік аймақта гетеротрофты бентонттарға қажетті қорек заттары кедей болады. Жағалауда 1-2 м тереңдікте суүсті өсімдіктер – қамыс, құрақ, жебежапырақ, қоға және басқалары өседі. Ары қарай жапырақтары қалқымалы өсімдіктер (тұңғиықтар (ақ, сары), шыландар және басқалары) аймағы басталады. Олар 2-2,5 м тереңдікке дейін өседі. Одан ары тереңге қарай суда батып өсетін өсімдіктер (көптеген шыландар, су сарғалдақтар, т.т.) және тек гүлдегенде ғана гүлшоғырлары су бетіне қалқып шығатын өсімдіктер көптеп кездеседі. 40-50 м тереңдікке дейін балдырлар мен мүктер өседі.
Көлдердің зообентосы фитобентос сияқты литоралда өте бай, профундалда кедей болып келеді. Көлдердің толқын ұратын жағалау маңындағы үстін балдырлар жапқан тастарда литофилді насекомдардың дернәсілдері көптеп кездеседі.
Олардың арасында хирономидтер (Cricotopus, Psectrocladius және Trichocladius), жылғалықтар (Apatelia, Apatania және Leptocerus), біркүндіктер (Heptagenia) мен көктемдіктер (Perlodes), сол сияқты құрсақаяқты моллюскалар – Radix ovata, су кенелері және т.б. болады. Толқын ұратын құмды литоралда зообентос аз және біртекті, өйткені бұл жерде тіршілік жағдайы өсімдіктердің болмауына байланысты және грунттың қозғалғыштығына қарай өте қолайсыз. Бұл биотоп үшін псаммофилді формалар тән. Олардың қатарына олигохеттерден Propappus volki, Bezzia және Culicoides масаларының дернәсілдері, немтодтардың кейбір өкілдері тән. Толқын әлсіз жерлерде жоға-рыда көрсетілгендердің қатарына Stictochironomus масасының, Onychogomphus инеліктерінің, Molanna және Anabolina жылғалықтардың дернәсілдері, сол сияқты Anodonta қосжақтаулы моллюскалар қосылады. Толқын жоқ не мүлдем болмайтын жерлерде грунт тұрақталады, лай басу жүреді және зообентос біршама көп бола бастайды. Зообентоста лимнофилдер – Tubifex және Peloscolex олигохеттері, Chironomus, Glyptotendipes масаларының, Ehpemera біркүндіктердің дернәсілдері, Pisidium моллюскалары басым болады.
Нектон тек балықтардан тұрады. Көлдердің ихтиофаунасы, негізінен, тұрақты, көлдік-өзендік балықтардан құралған. Солтүстік және биік тау көлдері албырт балықтарына, оңтүстік аудандарда, әдетте, тұқытектестер мол болады. Түрлік құрамы бойынша, акклиматизанттарды есептемегенде, олиготрофты көлдердің балықтары сан алуан. Көлдердің жағалау маңы ихтиофаунасы суқоймаларының ашық айдындарына қарағанда