Название | Жалпы гидробиология |
---|---|
Автор произведения | Б. Минсаринова |
Жанр | Учебная литература |
Серия | |
Издательство | Учебная литература |
Год выпуска | 2017 |
isbn | 978-601-04-2166-0 |
Оттек. Судың оттекпен қанығуы, негізінен, атмосферадан енуі және фотосинтездеуші өсімдіктердің бөліп шығаруы арқасында жүреді. Газдың жетіспеушілігі оның судан атмосфераға шығуы және тотығу процестеріне, соның ішінде тыныс алуға тұтынуы нәтижесінде байқалады. Атмосферада осы газдың қалыпты мөлшерінде (210 мл/л) 1 л суда 10,29 мл оттек ериді. Температура мен тұздылық жоғарылағанда оттектің қалыпты мөлшері төмендейді. Суқоймалардың оттектік режимі көптеген факторларға тәуелді. Мысалы, атмосферадан оттектің енуі судың беткі қабатында жүреді және фотосинтез аймағы беткі қабаттарда орналасады. Осыған орай бұл қабаттар төменгі қабаттармен салыстырғанда оттекке жақсы қаныққан. Егер де судың беткі қабаты мен терең бөлігіндегі оттектің мөлшері бір-бірінен ерекшеленсе, онда оттектік дихотомия туралы айтуға болады. Бүкіл су массасында оттектің біркелкі таралуын гомооксигения деп атайды. Ол бүкіл су массасын қамтитын күшті алмасу кезінде байқалады. Оттектік дихотомия суқоймалардың стагнациясы (тұрып қалу) кезінде пайда болады, бұл кезде су массасының вертикалды айналымы (циркуляциясы) болмайды. Оттекке қатысты организмдер эвриоксидті және стеноксидті формаларға бөлінеді (эври- және стеноксибионттар). Олар қарастырылып отырған фактордың кең және тар ауытқу шегінде өмір сүруге қабілетті. Эвриоксидті формалардан аз қылтанды құрттар Tubifex tubifex, Viviparus viviparus моллюскаларын атауға болады. Бұл организмдер оттек мүлдем болмаған немесе оның мөлшері өте көп болған жағдайда өмір сүре алады. Стеноксибионттарға Planaria alpine кірпікшелі құрты, Blepharoceridae қосқанаттылар дернәсілдері және оттектің мөлшері 3-4 мл/л төмен болғанға шыдамайтын басқа да организмдер жатады. Егер оттектің жетіспеушілігіне гидробионттардың бейімділігі жеткіліксіз болса, онда олар қырыла бастайды.
Көмірқышқыл газы. СО2-ң суда қанығуы су организмдерінің тыныс алуы нәтижесінде, атмосферадан енуі арқылы және әртүрлі қосылыстардан, ең алдымен көмір қышқылы тұздарының бөлінуі нәтижесінде жүреді. Судағы СО2 концентрациясының төмендеуі, негізінен, оны фотосинтездеуші организмдердің тұтынуы және көмір қышқылы тұздарының байланысуы арқылы жүзеге асады. СО2 автотрофтылардың көмірсутектік қоректенуінің көзі болып табылады және гетеротрофтылардың тіршілігінде оның маңызы жоғары. Жоғары концентрацияда СО2 жануарлар үшін улы болып табылады. Жануарлар үшін СО2 метаболизмді реттеу және әртүрлі органикалық заттардың синтезі үшін қажет. 0 °C температурада СО2 абсорбциялық