Название | Жалпы гидробиология |
---|---|
Автор произведения | Б. Минсаринова |
Жанр | Учебная литература |
Серия | |
Издательство | Учебная литература |
Год выпуска | 2017 |
isbn | 978-601-04-2166-0 |
Судың түсі де оның мөлдірлігі сияқты әртүрлі сәулелердің сіңірілуі және шашырауына байланысты болады. Таза су көпшілік жағдайда қысқа толқынды сәулелерді шашыратады және оның спектрлі құрамына сәйкес су көкшіл болып көрінеді. Табиғи судың түсі әртүрлі себептерге байланысты болады. Десе де таза су – түссіз, иіссіз, дәмсіз сұйықтық. Судың қабаты 5 м-ден асқанда көгілдір түсті болып келеді. Тұздар мен темір кешендерінің (комплекстерінің), гумин қосылыстарының болуы суға қоңыр түс және жағымсыз дәм береді. Суда гуминді заттардың болуы оның түсін өзгертеді және ол бұлардың концентрациясына байланысты олиготрофты көлдерде көкшіл, гуминді суларда қоңыр болып келеді.
Осылармен қатар судың түсі ондағы қалқыма заттардың болуына да байланысты. Фитопланктонның, ондағы балдырлар түрлерінің басымдылығына қарай, жаппай дамуы кезінде судың түсі әртүрлі болып келеді. Мысалы, Gonyaulax туысына жататын диатомды балдырлардың құрамында қызыл пигмент болады, осыған орай олардың популяциясының тығыздығы жоғары болғанда судың түсі қызыл болады. Судың түсі оның мөлдірлігіне әсер етеді және көкшіл түстен қоңыр түске өзгергенде мөлдірлігі күрт төмендейді. Судың мөлдірлігін диаметрі 30 см ақ түсті Секки дискісі арқылы анықтайды. Судың түсі, оның мөлдірлігі сияқты, әртүрлі сәулелердің сіңірілуі және қалқыған заттардың тұну салдарынан жиналу қарқынына байланысты. Ал су түбінің қасиеті ең алдымен оның механикалық және гранулометрикалық құрамымен, яғни су түбіндегі тұнбалардан пайда болған түйіршіктің көлемімен сипатталады.
Грунттың физика-химиялық қасиеттері. Су түбі организмдері үшін грунт бөлшектерінің көлемінің, олардың бір-біріне жабысу тығыздығының, өзара орналасуы тұрақтылығының, ағыспен шайылу деңгейінің, қалқыған заттардың тұнуы арқылы жиналу жылдамдығының экологиялық маңызы өте зор. Ең алдымен грунттың физикалық қасиеттері түптік тұнбаны түзейтін бөлшектерінің мөлшерімен анықталады. Түйіршіктерінің көлеміне қарай грунт жұмсақ және қатты деп бөлінеді. Ұсақ түйіршікті грунт жұмсақ деп аталады. Оған саз балшық (пелиттер), тұнба лай (селиттер, алевриттер) және құм жатады, түйіршіктерінің көлемі сәйкесінше 0,01 мм-ден төмен, 0,1 және 1,0 мм болады. Қатты грунттың түрлері: қиыршық тас (0,1-1 см), ұсақ жұмыртас (1-10 см), ірі жұмыртас (10-100 см) және кесек тас (1 м-ден үлкен).
Бөлшектердің құрамына байланысты ұсақ түйіршікті грунттар құмға, лайлы құмға, құмдыққа, лайға және лайлы сазбалшыққа (ұсақ бөлшектер сәйкесінше 5; 10; 30; 50 % көп болады) бөлінеді. Егер де грунтта бірнеше әртүрлі көлемдегі бөлшектер кездессе, онда оны аралас грунт деп атайды.
Грунтқа қатысты стено- және эвриэдафикалық түрлерді ажыратады