Название | Жалпы гидробиология |
---|---|
Автор произведения | Б. Минсаринова |
Жанр | Учебная литература |
Серия | |
Издательство | Учебная литература |
Год выпуска | 2017 |
isbn | 978-601-04-2166-0 |
Дыбыс, электрлік және магнетизм әсерлері. Жоғарыда қарастырылған факторлардан айырмашылығы дыбыс, электрлік және магнетизм гидробионттардың тіршілігінде, негізінен, сигналдық қызмет атқарады. Су жануарларында дыбысты қабылдау құрлықтағылармен салыстырғанда жақсы дамыған. Егер жарық суда ауаға қарағанда жылдам өшсе, ал дыбыс, керісінше, суда ұзағырақ тарайды. Кейбір гидробионттар инфрадыбыстың өзін қабылдауы мүмкін, осының арқасында судың ауамен жанасқанда пайда болған толқынның өзін «ести» алады.
Электр және магнит өрісінің гидробионттар тіршілігінде маңызы өте зор. Жердің геомагнитті өрісінде температура, тұздылық, оттектің мөлшері бойынша гидробионттардың өзі де электр өрісін тудырады. Дөңгелекауыздылар мен балықтарға жүргізілген зерттеулер олардың электрорецепторларының өте сезімталдыққа ие екендігін көрсетті, олар тіпті 10-7-10-8 В/см дейінгі электр өрісінің кернеуін қабылдайды.
Электрорецепторлардың осындай жоғары сезімталдылығының арқасында көптеген гидробионттар өте көп ақпаратты қабылдауға қабілетті, соның ішінде, өз түріне жататын даралар мен жауларын, ағыстың жылдамдығы мен бағытын, температуралық, тұздық, газдық және басқа да градиенттерді, күн сәулесі белсенділігінің, жыл маусымдарының өзгерісін ажыратады, сол сияқты аномалды табиғи құбылыстарды білдіретін сигналдарды қабылдайды. Балықтар (әсіресе жапондық және түркістан жайындары) жер сілкінісінен 6-8, кейде 20-24 сағат бұрын тынымсызданады, қатты жүзіп, кейде судан шоршып шығады. Электрорецепция көптеген омыртқасыздарда, соның ішінде қарапайымдыларда белгілі. Олардың кейбіреулері (Paramaccium, Amoeba) әлсіз токты жібергенде катодқа, басқалары (Cryptomonas, Polytoma) – анодқа, үшіншілері электр тогының күштік сызығы бағытына перпендикулярлы қозғалады.
Құрттардың, моллюскалардың теріс электротаксисін олардың кемелер мен басқа да объектілердің түбіне (табанына) отыруының алдын алу үшін пайдаланады.
Электрорецепторлары бар гидробионттар магниттік өрістерді де бағдарлай алады. Жердің магниттік өрісінің мезгіл-мезгіл өзгеруі (күн мен түн ұзақтығы теңескенде және талтүсте, тәулік бойында еңкею бұрышы өзгергенде) гидробионттар үшін уақыт өлшеуіші болып табылады.
Табиғи сулардың химиялық қасиеттері. Табиғи судың маңызды қасиеттерінің бірі – оның басқа заттарды (қатты, сұйық, газтәрізді) ерітуге қабілеті.
Су температурасының