Название | Шежірем сыр шертсе |
---|---|
Автор произведения | Тажис Мынжасар |
Жанр | История |
Серия | |
Издательство | История |
Год выпуска | 2015 |
isbn |
Әулетімізде біразымыздың аналарымыз, нағашыларымыз, енді біразымыздың құда-жекжаттарымыз, ал өкше басып келе жатқан біраз өскелең ұрпақтарымыздың шаңырақ ұйтқысы, өмірлік жансеріктері–келіншектері жер жәннаты Жетісу мен шөбі шүйгін, суы салқын сайын Сарыарқа даласын мекендеуші «Ұлы» және «Орта» жүз, сондай-ақ кейбір жүздерге кірмейтін рулардан болғандықтан, осы жүздер мен сол рулар тобы хақында да һәм қысқаша болса да мағлұмат беріп, әңгімелеп, тіл сындырып кеткенді жөн деп таптық.
Қазақ жүздерін жете зерттеген өткен ғасырлық атақты ғалымымыз Мұхамеджан Тынышпаевтың әңгімеміздің басында атап кеткен «Қазақ руларының генологиясы» деген тарихи еңбегінде («Рух» газеті. № 6. 2001 ж.) келтірген ру-тайпалық бірлестіктер жөніндегі мәліметтері Қазақ Совет энциклопедиясының «Жүз» мақаласындағы деректерден пәлендей айырмашылығы жоқ (4 т. 521б.). Мұнда да қазақтар үш «жүзден» тұрады. «Ұлы жүзге»: Сарыүйсін, Қаңлы, Албан, Суан, Дулат, Жалайыр, Шапырашты, Ысты, Ошақты Сіргелі және Шанышқылы; «Орта жүзге»: Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ; «Кіші жүзге»: алшындардан тұратын 3 топ: Әлімұлы, Байұлы, Жетіру кіреді. «Ұлы жүз» қазақтары қазан төңкерісіне дейін-ақ қазіргі Талдықорған (Қаратал өзенінің сол жағы), Алматы, Тараз, Шымкент және Ташкент қалалары маңын; «Орта жүз» қазақтары Талдықорған (Қаратал өзенінің оң жағы), Семей, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау, Астана, Торғай, Қостанай (солтүстік-шығыс жағы), Жезқазған, Қызылорда (шығыс жағы), Шымкент (батыс жағы) қалалары мен Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысы жерлерін; «Кіші жүз» қазақтары Орал, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Қызылорда (батыс жақ жартысы), Қостанай (оңтүстік-батыс жағы) қалалары мен Жамбыл облысы (солтүстік-батыс жағы) жерлерін мекендеді. Олардың тілінде де, тұрмыс-салт, әдет-ғұрыптарында да кейбір өзгешіліктердің бар екендігі жөнінде біз осының алдында айтып кеткенбіз. Енді осы үш жүз тарихына азды-көпті болсын тоқталып кетейік.
5 бөлім
ҰЛЫ ЖҮЗ ХАҚЫНДА
Сонымен «Ұлы жүз» жөнінде қысқаша баяндап кетер болсақ, аңыз бойынша олар бастауларын Майқы бидің Бақтиярынан өрбитін Үйсін батырдан алады. Одан –Абақ, Жансақал (Тарақ) дүниеге келеді. Абақтан–Ақсақал, ал Жансақалдан–Жалайыр. Бұл атау оған шашының екі жаққа жалданып, бөлініп туғандығына орай берілсе керек. Одан–Манақ, ал кейбір деректер бойынша одан–Шуманақ пен Сырманақ. Олардан–Орақты, Жазықты, Тарихты. Тарихтыдан ұл болмай, Орақтыдан–9 ұл, ал Жазықтыдан–3 ұл туғандықтан