Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1918-1945). Амангелді Әліпбаев

Читать онлайн.



Скачать книгу

қозғалыстың өршуін бәсеңдетуге талпынғанымен, еш нәтиже шығара алмады. Өнеркәсіп және қаржы алпауыттары елде қатаң биліктің үстем етуін талап етті. Өнеркәсіп және қаржылық алпауыттарының атынан Ялмар Шахт пен Курт фон Шредердің ұсынысымен президент фон Гинденбургке меморандум жолданды: «Жоғары мәртебелі … елде ең қуатты ұлттық күштен қолдау табатын кабинет құруыңызды сізден өтінуді өзіміздің ар-намысымыздың парызы деп есептейміз… ең ірі ұлтшыл ұйымның көсеміне президенттік кабинетке жетекшілік ету қызметін беру қазіргі сәтте шет қалған миллиондаған адамдардың ынтымақтасуына әкеледі…».

      1933 жылы 30 қаңтарда Германияның президенті фон Гинденбург Адольф Гитлерді Германияның рейхсканцлері етіп тағайындады. Көптеген саясаткерлер мен көпшілік А. Гитлерді үкімет басына уақытша ғана жалдадық деп ойлаған еді. Алайда, Германиядағы бұл саяси қадам елде фашистік үстемдіктің орнауына мүмкіндік туғызды. Фашизмнің билікке келуіне тағы бір ықпал еткен жағдай ол – елдегі және шетелдік қаржы капиталы еді.

      Фашистік үстемдік орнатыла салысымен, ГКП барлық жұмысшыларды, социал-демократиялық партиялар мен кәсіподақтарды фашизмге қарсы бірыңғай майдан құруға шақырды. Бірақ фашизмге қарсы бірыңғай майдан құру саяси партиялардың бірауыздығының жоқтығынан жүзеге аспады. Бұл фашистердің билік басында тұрақтануына және үстемдігінің нығаюына қолайлы жағдай жасады. Соның негізінде фашистік билік өз саяси қарсыластарына қарсы жазалау іс-әрекеттерін кеңейте түсті. 1933 жылы 28 ақпан түні рейхстаг ғимаратының белгісіз жағдайда өртенуін фашистік партия саяси қарсыластарына қарсы ұйымдастырылған науқанда кеңінен пайдаланып, негізгі құқықтар мен еркіндіктерді жойды, он мыңдаған адамды түрмеге жапты.

      1933 жылғы көктемдегі рейхстаг сайлауында нацистік партия басым көпшілік дауысқа ие болмаса да, 23 наурыздағы «Үкіметке төтенше өкілеттілік беру жөніндегі заңды» барлық буржуазиялық партиялар қолдады. Канцлер рейхстагтың қолдауынсыз-ақ конституцияға сәйкес келмейтін заң шығару құқына ие болды. Барлық деңгейдегі парламенттік мекемелер қысқартылды немесе өкілеттіліктен айырылды. Шексіз өкілеттілікке ие болған Гитлер 1933 жылдың жазында ресми түрде компартия, социал-демократиялық партия, кәсіподақ және басқа да демократиялық ұйымдар құруға тыйым салды. Қысқа мерзім ішінде түрмеге қамалған антифашистердің саны 60-70 мың адамға жетті. Олардың арасында ГКП жетекшісі Э. Тельман да болды.

      Сонымен қатар енді фашистік партияның өз ішінде де партия саясатына қарсы шығушылар бар деген желеумен Гитлер партия ішінде «қанды» тазалау жүргізуге кірісті. Шілденің 29-нан 30-на қараған түні Гитлер нұсқауы бойынша 1500 адам атылды; 1934 жылдың 1 тамызында президент фон Гинденбург қайтыс болғаннан кейін Гитлер өзін мәңгілік көсем («фюрер») және рейхсканцлермін деп жариялайды. Фашистік үстемдік экономикалық дағдарыстың бәсеңдеген кезінде орнады. Экономика енді әскери арнаға көше бастады. Фашистер барлық өндірістік және қаржы компанияларын, көлік, сауда, қолөнер кәсіпорындарын біріктірді. Зеңбірек,