Қазіргі заман кезіндегі Азия мен Африка елдерінің тарихы (1945–2012). II бөлім. Рыскелді Мырзабекова

Читать онлайн.



Скачать книгу

қарсыласуына және қарулы күшпен басыпжанышталған жаппай антиамерикандық толқуларға әкеліп соқты.

      1948 жылдың мамырында Оңтүстік Кореяда – Корея Республикасы деген мемлекеттің атын жария еткен Ұлттық жиналысқа сайлау өткізілді. Ұлттық жиналыс Корей Республикасының конституциясын қабылдап, елдің президентін сайлады. Сайлау нәтижесінде Корей Республикасының президенті болып Ли Сын Ман сайланды. Республика астанасы Сеул қаласында орналасты.

      1948 жылдың тамызында оңтүстіктегі шараларға жауап ретінде елдің солтүстігінде Кореяның Жоғары халық кеңесіне (КЖХК) сайлау өткізілді. Жоғары халық кеңесіне Оңтүстік Кореяның бірқатар өкілдерін қатыстыру арқылы бүкіл корейлік сипат берілді. КЖХК-ның бірінші сессиясы 1948 жылдың 8 қыркүйегінде Корей Халық-Демократиялық Республикасының (КХДР) құрылғандығын жария етті. Жаңа мемлекеттің астанасы Пхеньян қаласы болды. КХДР-дың жаңадан құрылған үкіметінің өтініші бойынша Кеңестер Одағы бұл мемлекеттің территориясынан әскерлерін шығарды.

      Бірден-бір заңды деп жарияланған және бүкіл Кореяның территориясына үміткер ретінде талаптанған екі корей республикасының пайда болуы олардың арасында қақтығыстардың орын алуына объективті алғышарттар қалыптастырып берді. Екі корей мемлекетінің арасында шекаралық шектеу межесі ретінде белгіленген 38-ші параллель ұдайы қарулы қақтығыстар орнына айналды. 1949 жылы 1836 қақтығыс орын алып, оған екі жақтан ірі әскери құрамалар тартылды.

      Күннен-күнге арта түскен тайталасу жағдайында 1950 жылдың 25 маусымында Солтүстік пен Оңтүстік арасында қарулы қақтығыс басталды. Алғашында әскери қимылдар ауыспалы табыстармен жүрді. Оңтүстік Корея жағында әскери қимылдарға АҚШ-тың ірі десанттық күштері араласса, КСРО Солтүстік Корея армиясын қолдау үшін өзінің әскери мамандары мен ұшқыштарын жіберді. 1950 жылдың қазанында қытайлық «халық еріктілерінің» ірі отрядтары (деректеге сәйкес 100 мың адам) КХДР-ға көмекке келді. 1950 жылдың соңына таман американ-оңтүстік корей, сол сияқты солтүстік корей армиялары 38-ші параллельдің өн бойына шоғырланды. Соғыс созылмалы қорғаныстық сипат алды. 1953 жылдың 27 қазанында үш жылға созылған соғыс аяқталды. Соғыс аяқталған соң Корей түбегінде қытай және американ әскерлері қалып қойды. 1950-1953 жж. корей соғысы алып мемлекеттердің саясатының тікелей салдары болды. Іс жүзінде бұл соғыс әлеуметтік-саяси екі жүйенің қарама-қайшылығының деңгейін көрсетіп берді. корей халқы осы кезге дейін екіге бөлініп өмір сүруде.

      Оңтүстік Кореяның ХХ ғасырдың 50-60 жылдарындагы әлеуметтік-саяси дамуы. Ли Сын Ман 1952 жылдың тамызында корей Республикасының президенттігіне тағы сайланды. 1954 жылдың қарашасында ол конституцияға жаңадан түзетулер енгізу жөнінде бастама көтерді. конституцияға енгізілген жаңа түзетулер нәтижесінде Ли Сын Манға президент ретінде шектеусіз құқықтар берілді. Сонымен қатар мемлекет қауіпсіздігі, саяси партияларды тіркеу, баспасөз құралдарын реттеу, демонстрациялар өткізуді бақылау сияқты заңдардың қабылдануы