Название | Араб тілінің терминологиясы |
---|---|
Автор произведения | Анар Мустафаева |
Жанр | Языкознание |
Серия | |
Издательство | Языкознание |
Год выпуска | 2017 |
isbn | 978-601-04-2223-0 |
Аталмыш екі сапар әскери, теңіз-құрылыс саласында терминдер құрастыруға және кітап басу арқылы ақпарат таратуға себепкер болды. Египет реформаторы араб тіліне аударуға көптеген еңбектер және кейіннен көп таралыммен елдің түрлі аймақтарына кітаптардың таралуында негізгі құралға айналған баспа құрылғысын әкелді. Кейін Мұхаммед Әли білім берудің жергілікті ошақтарын құра бастады. Солардың бірі – медициналық мектеп құрылысы, мұнда итальяндықтар мен француздар жұмыс істеді, ал тілдік мәселелермен, оның ішінде сабақ кезіндегі аудармаға аудармашыларды таңдау және іздеу жұмыстарымен француз дәрігері Антуан Кло айналысты. Мұхаммед Әли өтініші бойынша А.Кло Египет армиясында медициналық оқыту және аудару орталығын ұйымдастырып, өмірінің көп бөлігін сол елде өткізді. Ол Египеттің дамуына айтарлықтай үлес қосқандықтан, оны «Клот-бек» деп атады (бек – «мырза» мағынасындағы түркі сөзі). Клот-бек басқарған медицина және фармацевтика факультеті араб тіліне медицинаның түрлі саласы бойынша 86 кітап аударды. Клот-бек аудармашыларына Еуропа ұстаздарының дәрістерін дәйекті түрде аудару оңайға соқпады, себебі олар аударманың көптеген мәселелеріне, атап айтқанда медициналық терминдерді аударудағы қиындықтарға тап болды. Мұндай дәрістер кезінде терминдердің мағыналық бұрмалануы мүмкін болғандықтан, Египет үкіметі алдында арнайы тілдік мектептер ұйымдастыру қажеттілігі тұрды. Осындай мектептердің бірі Аудармашылар мектебі болды, мектепті 1837-1849 жылдар аралығында мысырлық ағартушы, жазушы әрі қоғам қайраткері Рифаа Тахтауи басқарды. Ол еуропалық білім алып (1826-1831 жж.) Франциядан келген соң, бес жыл көлемінде оқитын жиырма студентке аудармадан оқытушы болды.