Жалпы гидробиология. Б. Минсаринова

Читать онлайн.
Название Жалпы гидробиология
Автор произведения Б. Минсаринова
Жанр Учебная литература
Серия
Издательство Учебная литература
Год выпуска 2017
isbn 978-601-04-2166-0



Скачать книгу

1,3 мге дейін көтеріледі және ол көрсеткіш 26-25 м белгіге жетеді (Касымов, Аскеров, 2001).

      Түбінің рельефіне, тереңдігіне тәуелді және осы ерекшеліктеріне байланысты Каспий теңізі бір-бірінен ажыратылатын 3 бөлікке – солтүстік, орталық және оңтүстік аймаққа – бөлінген. Теңіздің солтүстік бөлігі өте таяз. Орташа тереңдігі шамамен 4,4 м және жағадан алыстағы Орталық Каспиймен шектелген жерде тереңдік 25 мге жетеді. Орталық Каспийдің максимум тереңдігі 768 мге жетеді, оның орташа мөлшері 170 мге тең. Оңтүстік Каспийдің ең терең жері 1025 мге жетеді. Каспий теңізінде екі өте терең шұңқыр – Дербент (788 м) және Оңтүстік Каспий (1025 м) – анықталған.

      Су балансы. Жыл сайын Каспий теңізі шамамен 355 км3 өзен суын қабылдайды, барлық өзен ағынының 76 %-н Еділ өзені береді. Жауын-шашын мөлшері де біршама жоғары, жылма-жыл теңізге шамамен 100 км3 жауын-шашын түседі. Барлық Каспий теңізі, тек солтүстік тайыз бөлігінен басқасы, айналма ағыс әсерінде, ол сағат бағытына қарсы ағады. Жалпы айналма ағыстың пайда болуының негізгі себебі – өзендермен тұщысу көп түсетін Солтүстік Каспийдің және ешқандай саласы жоқ Оңтүстік Каспийдің деңгейлерінің айырмашылығы болып табылады.

      Температура. Жазғы уақытта су температурасы теңіздің барлық аудандарында шамамен бірдей: солтүстік бөлігінде 24ºС, ал оңтүстігінде 27ºС-ге дейін жетеді. Қыс кезінде Оңтүстік Каспийдің ашық бөліктерінде су температурасы 9ºС-ден төменге түспейді, ал Солтүстік Каспийде температура -1ºС-қа дейін төмендейді.

      Каспий теңізінің тұздылығы мұхит суынан ерекше, Каспий суы салыстырмалы түрде натрий мен хлорға кедей, ауыр сульфаттарға, кальцийге бай. Тұздардың бұндай қатынастары Каспий суын өзен суына жақындатады. Каспий теңізінің орташа тұздылығы 12,7-12,85‰ болса, Қара-бұғазкөл шығанағында оның мөлшері 360‰-ден асады. Судың үстіңгі қабатындағы оттек мөлшері жазда да, қыста да қанығуға жақын. Қыста оттектің ең жоғары концентрациясы (85-90 мл/л) Солтүстік Каспийдің жағалау маңы тайыз суларына тән. Оңтүстік Каспийде қыста оттекпен жоғары деңгейде қанығу судың жоғарғы қабатында байқалады.

      Каспий теңізінің гидрофаунасы. Каспий теңізі жайындағы алғашқы деректерді П.С. Паллас пен С.Г. Гмелин еңбектерінде (1769-1773 ж.) келтіріледі. 1853 жылы Каспий теңізіне К.М. Бэрдің басшылығымен экспедиция ұйымдастырылды және осы теңіз жайында жан-жақты бай материал жиналды. 1874-1876 жылдары О.А. Гримм фаунаны зерттеу барысында алғаш рет Каспий теңізінің омыртқасыз жануарларының алуантүрлілігі жайында жазды.

      XX ғасырдың басында Н.М. Книповичтың басқаруымен кәсіптік маңызы бар балықтардың биологиясы зерттелді. 1934-1937 жылдары Каспий теңізінде ВНИРО экспедициясы жұмыс жасады. Ерекше көңіл бентофаг балықтардың қоректік базасына аударылды. Каспий теңізінің омыртқасыздар фаунасы бойынша толық деректер 1974 жылы жарияланған «Атлас беспозвоночных Каспийского моря» атты еңбекте көрсетілген.

      Каспий теңізінің гидрофаунасы өзінің түрлік құрамының өзгешелігімен ерекшеленеді. Гидрофауна шығу тегі жағынан 5 топқа жіктеледі.