Название | Ел Шоңы. Бесінді. III кітап |
---|---|
Автор произведения | Қанат Жойқынбектегі |
Жанр | Историческая литература |
Серия | |
Издательство | Историческая литература |
Год выпуска | 0 |
isbn | 9785005549495 |
– Шоңке, шөлдеп келдіңіз ғой, мынаны ішіңіз, – деді. Мұздай суық сүтті ішіп жіберіп еді, шөлі қолма-қол басылып, бір рахат күйге бөленгендей болды. Әйелінің осындай қамқорлығына риза болғандай еді. Әйімкүл кетіп бара жатқан, оған Шоң:
– Қасыма отыршы, – деп жанын көрсеті. Әйімкүл Шоң көрсеткен жерге келіп жайғасты. Түнде бір жайсыз түс көрген еді, соны айтпақшы болды да, бірақ айтпады Шоң. Біраз үнсіз отырып қалды. Күйеуінің тарапынан ешқандай сөз болмаған соң, Әйімкүлде де ләм демеді. Отыра берді. Өйткені, Шоңның мінезін білетін, бірдеңе айтып қалғанда бір жақсы ойымды бұзып жібердің ғой дейтіні бар еді. Соны білетін Әйімкүл де үндемей отыр.
Ойламаған жерден Шоңның көзі әйелінің басына түсіп кетті. Қымтай жауып алған байламының бір шетінен кылтиып шыққан шаштардың арасынан бір тал ақ шаш көріп калды. Бұрын байқамаған ба, тұнғыш рет көрді. Дегенмен, бұл туралы сөз қозғаған жоқ. Бірақ көңілін бір жайсыз күй жайлады. Кәріліктің енді екеуіне де келіп қалғанын тұңғыш рет аңғарғандай болды. Күйеуінің ұзақ үнсіз отырып қалғанына Әйімкүл шыдай алмай сұраған еді:
– Шоңке, басыңыз аурып отыр ма?
– Жоқ, бұл мазасыз тіршілікте көңіл-күй бола бере ме, жай бір ойлар басыма кіріп алып, сол шықпай отыр. – Ақ шаш туралы айтпады.
Әйімкүл күйеуінің бір нәрсеге көңілсізденіп отырғанын сезсе де, бірақ ол қандай шаруа деп сұрамады. Содан кейін айтқан:
– Шоңке, олай болса құс аулап шаршаған шығарсыз, үйге кіріңіз, дем алыңыз, – деді сәлден соң.
– Кейін кіремін ғой, маған осылай отырғаным ұнап отыр. Таза ауада, -деді Шоң.
Әйімкүл олай болса Шоңкенді мазаламайын деп орнынан тұра беріп еді, күйеуі оны иғынан басып қайыра отырғызды. Сөз бастаған:
– Әйімкүл, осы сен нешеге келдің? – Бұл сұрақты қоюына әлгі ақ шаш әсер еткен болуы керек.
Шоңның мына сұрағы Әйімкүл көңілінде баяғыдан өле бастаған тоқал туралы күдікті оятып жібергендей болды. Алайда, ол туралы айтпады. Соңғы жылдары ол туралы сөз қозғауды біржола қойған. Басқаша сөйледі.
– Шоңке, сіз шын менің неше жасқа келгенімді білмейсіз бе?
– Ұмытып қалыппын.
Әйімкүл күйеуінің бір айтқан сөзді, жасаған істі ұмытпайтынын жақсы білетін. Соңғы кезде бой көрсете бастаған бас ауруының