Название | Қанатты сөз – қазына. 1-кітап |
---|---|
Автор произведения | Кеңес Оразбекұлы |
Жанр | Мифы. Легенды. Эпос |
Серия | |
Издательство | Мифы. Легенды. Эпос |
Год выпуска | 0 |
isbn | 9785449876317 |
Шежіре деректерінде Арғыннан – Дайырқожа, одан – Қарақожа туыпты дейді. Қарақожаның бәйбішесінен – Мейрамсопы туады. Мейрамсопының бәйбішесі Нұрпиядан (кейде Нұрқия, Әргүл) – Қуандық, Бегендік, Жегендік, Сүйіндік туған.
АЙДЫ АСПАНҒА БІР ШЫҒАРДЫМ
Көзге түсетіндей, әйгілі болатындай, жұрт таңғаларлықтай ерекше іс жасадым, деген ауыспалы мағынаны береді.
Қожанасыр бір күні әбден шөлдеген соң су алып ішпек болып, түнде құдыққа барады. Құдыққа қауға салып тартса, шықпайды. «Бұған не болды?» – деп, Қожанасыр үңіліп қараса, құдықтың түбінен ай көрінеді. «Ә, қауға айға ілініп қалған екен ғой», – деп Қожа жұлқа тартып алғанда, қауғасы шығып кетеді, өзі шалқасынан түседі. Жерге басын соғып, есеңгіреп қалған Қожанасыр әлден уақытта көзін ашса, ай аспанда тұр. Сонда Қожекең қуанып:
– Не болса, ол болсын, айды аспанға бір шығардым-ау! – депті.
АЙРАН ІШКЕН ҚҰТЫЛАР,
ШЕЛЕК ЖАЛАҒАН ТҰТЫЛАР
Ел ішінде «Айран ішкен құтылар, аяқ жалаған тұтылар» деген нұсқасы да айтылады. Бұл сөз тіркесі «айып-кінәсіз, нақақтан жазаға душар болды», – деген мағынада қолданылады.
Өткен заманда екі ұры болыпты. Екеуі бір үйге ұрлыққа түссе, әлгі үйдің айраны бабымен ұйытылған екен. Әлділеуі айранды ішіп қойыпты да, екіншісіне тек шелектегі жұғыны тиіпті. Шелекті жалап отырғанда, үй иелері келіп қалып, ұстап алыпты. Арғысы қашып кетіпті. Ұсталып қалғаны:
– Мен тек шелегін ғана жалап едім, – деп ақталыпты. Үй иелері ұрының бозарған сиқына қарап:
– Айран ішкен құтылар, шелек жалаған тұтылар, – деген екен.
АҚҚАН СУҒА ДА БІР ТОСУ
Алуа заманында ақын да, керекті жерінде тапқыр екен. Сол елде Кенже деген атағы шыққан адам болыпты. Сол Кенже көптің алдында, тар жерде Алуаға:
– Әй, қатын, бері кел! – депті. Алуа:
– Кенже, атың бар-ау, әйтпесе барып сыбағаңды берер едім, – дегенде, көптің арасында отырған қарт:
– Шырағым, реті келген жерде тартынып қалма, – депті.
Сонда Алуа:
Кел дейсің, келгің келсе, сен келе кет,
Кел дағы, жігіт болсаң, сертіңе жет.
Кел деген ауыз байлық неге керек,
Келмесең, келгендерден садаға кет! – дегенде, отырғандар жадырай бір күліп. «Аққан суға да бір тосу!» десіпті.
Бұл – бетімен кеткен, бейпіл сөзді адамға да бір тосу бар дегені.
АҚҚОЖА БАТЫРДЫҢ ЖАТУЫ ЖОҚ,
БҰЛ ТАҢНЫҢ АТУЫ ЖОҚ
Ертеректе Атырау өңірінде Аққожа деген кісі болыпты. Аты аңызға айналған аңқау, ұмытшақ, қорқақ екен. Бірде бәйбішесі баласының ауырып жатқанын айтып, оны күндік жердегі емшіге жұмсапты. Аққожа атына мініп жүре береді. Күн кешкіріп, емшінің ауылының шетіне кіре бергенде, абалап қарсы ұмтылған ауыл иттерінен есі шыға қорқып, неге келе жатқанын да ұмытып, күншілік жердегі өз ауылына кері шабады.