Название | Ғаббас Жұматов: Өнегелі өмір. 27-шығ |
---|---|
Автор произведения | Коллектив авторов |
Жанр | Зарубежная образовательная литература |
Серия | |
Издательство | Зарубежная образовательная литература |
Год выпуска | 2013 |
isbn | 978-601-04-0165-5 |
Ең ақырғы үміті де осы еді. Бұл да дәл солай болды. Мұғалімдер даярлайтын техникум меңгерушісі «сөз осы, қабылдай алмаймыз» деді де, өз ісіне кірісіп кетті. Жұмат безеріп отырды да қойды. Көңілі буырқанған теңіздей астаң-кестең. Дәл қазір әлдекім бірауыз жылы сөз айтып, жұбатар болса, еңкілдеп жылап жіберуге бар.
Күйзеліп отыр. Бір жыл – ауылдан жырақ өткізген бір жылы бесенесіне белдеулетіп әжім сызып берген. Шыттан тігілген жейдесі жамау-жамау. Екі жағы пышақ жанығандай. Көзінің алды көгістеніп тұр.
Әйткенмен, оның есіл-дерті оқу. Өзінен бес-алты жас үлкен адамның қабағын бағып, оның кенже баласындай мүләйімсіп, өзгеше күйде тұр. Бұл харекетінің ең ақырғы талпыныс екенін сезеді. Неде болса әліптің артын күтпек.
– Жігітім…
– Ағатай-ай, көмектесіңізші, – деді ол жалбарынып. Ол ойланып қалды. Біраз уақыттан соң:
– Жігітім жатақ жоқ. Жамбас пұл төлеп тұрар пәтер тауып ал. Оқуға қабылдайық, – деді қабағын тырыстырып. Жұмат орнынан ұшып тұрды.
Кеудесіндегі қуаныш оты жатаған үйден көтеріп шығарды оны.
Таршылықтың тауқыметін енді тартты. Талғажу етер тамағы талқан. Ол бірде болса бірде жоқ. Ауылдан көмек келмейді.
Әдейілеп жайма базарға барып, ауылдастарына жолыққан. Үй-ішінің хал-ахуалын солардан сұрап білді. Үлкені Әубәкір ауылдағы орыс мектебінде оқып жүр екен. Оны қатты қуантқан осы хабар. Қолының қысқалығына қарамай Ханиданың жасаған азаматтығына қатты разы болды.
«Оқуымды бітіріп ауылға барған соң, Әубәкірді Орынборға жіберіп оқытармын. Хамза мен Ғаббастың жайын да ойлау керек екен» деп күбірледі ол. Күбірледі де күлді. Күлді де қуанды. Жүгіріп пәтеріне келді.
Көптен бері қоңыр көңілінің көтерілгені осы. Ыңылдап «Айнамкөзді» айтты, «Ақбақайды» айтты. Сосын көзмайындай күтіп ұстап жүрген жартыкеш айнасына қарады. Қаз отындай қалың шашы үрпиіп өсіп кетіпті. Ми тақырға шыққан селеу сынды сақалы да көрер көзге оғаш. Өстіп жүріп 1925 жылы техникумды бітіріп шықты…
«Тағы да бір мұғалім келді. Баянауылда Досқара деген болмаушы ма еді, бұл соның баласы екен. Семейде үлкен оқу тауысып, біздің мектепке келіпті» – деп қауқылдасып жатты Павлодар басындағылар.
Жұматтың ешкіммен жұмысы болған жоқ. Келген соң екі жылдық мектепті төрт жылдыққа айналдырды. Оқушылар күшімен мектеп үйін жөндеді. Мектептің бір бөлмесінен «Ленин бұрышын» ашты. Класс керегелеріне Маркс, Энгельс, Ленин суреттерін ілді. Осы суреттермен бірге қазақ даласына жаңа өмір келді.
3. Сәске
Отыра бергені сол еді, телефон шыр ете түсті. Трубкаға қолын соза берді.
Телефон тағы да шырылдады. Трубканы құлағына апарғаны сол еді, аржағынан әлдекімнің гүрілдеген даусы естілді. «Саламатсыз ба» дейді, журналистпін, сіздер жайлы очерк жазбақ едім, уақытыңыз болса, кездессек дейді. «Басқа адамдарды неге көрмейді екен осылар» – деп, іштей күбір етті.
– Көп уақыт алмайсыз ба?
– Сіз дайын отырсаңыз, көпке созыла қоймас, – деді, журналистпін деген жігіт әзіл тастаған