Название | Жан сырым |
---|---|
Автор произведения | Бритни Спирс |
Жанр | |
Серия | |
Издательство | |
Год выпуска | 2023 |
isbn | 9786018224096 |
Копирование, воспроизведение и иное использование электронной книги, ее частей, фрагментов и элементов, выходящее за пределы частного использования в личных (некоммерческих) целях, без согласия правообладателя является незаконным и влечет уголовную, административную и гражданскую ответственность.
Сopyright © 2023 by Britney Spears
© Басылым қазақ тілінде, аударма, безендіру. Zerde Publishing, 2025
Өмірлік махаббатым – балаларыма арнаймын
Пролог
Бала кезімде Луизианадағы үйімнің артындағы орманда әндетіп, жалғыз өзім серуендейтінмін. Сыртта жүргенде өзімді тірі сезінемін. Ол кезде анам мен әкем үнемі ұрсысатын. Әкем маскүнем адам еді. Үйде болғаннан қорқатынмын. Сыртта да жағдай мәз емес, десе де ол жақта өз әлемім бар. Жұмақ па, тозақ па, қалай атасаңыз да, менің мекенім.
Үйге қайтар жолда көршілеріміздің әдемі ауласы мен бассейніне қарап өтетінмін.
Олардың кішкентай, жұмыр тасқа толы бағы бар еді. Күн сәулесі сіңген жұмыр тастар сондай жұмсақ сезілетін.
Сол тастардың үстінде бар денеммен жылу сезіп жатып былай ойлайтын едім:
Өмірде өз жолымды таба аламын. Армандарым орындалады.
Сол жерде алаңсыз жатып, мен Құдайдың барын сездім.
1
Оңтүстіктегі бала тәрбиесі ата-ананы сыйлау мен оларға артық сөз айтпаудан басталады. (Қазір ережелер өзгерек: енді керісінше, балаларды құрметтеу керек). Біздің үйімізде ата-анаға сөз қайтаруға қатаң тыйым салынды. Не болса да, үндемеу керек, болмаса арты жаман болады.
Інжілде «тіл – адамның қаруы» делінген.
Менің тілім де, қаруым да ән еді.
Сөйтіп, балалық шағым ән айтумен өтті. Би сабағына бара жатып, көліктегі радиоға қосылып ән айтамын. Мұңайғанда да ән айтамын. Мен үшін ән айтудың рухани маңызы бар еді.
Миссисипи штатының Маккомб қаласында туып, сол жақта мектепке бардым. Кейін ол жерден жиырма бес миль қашықтықтағы Луизиана штатының Кентвуд қаласында тұрдым.
Кентвудта бәрі бірін-бірі танитын. Ешкім есігін құлыптамайтын, қоғамдық өмір шіркеу мен ауладағы кештерден аспайтын. Әйелдер балаларын бірдей қылып киіндіретін және бәрі мылтық ата алатын. Бұл аймақтың басты тарихи көрнекі жері Кэмп Мур деп аталатын Жефферсон Дэвис салған Конфедерацияның оқу базасы болатын. Жыл сайын Алғыс айту күніне дейінгі демалыс күндері Азаматтық соғыстың қойылымы болады, ал әскери киім киген адамдар мерекенің келе жатқанын еске салатын.
Жылдың сол бір мезгілі ұнайтын: ыстық шоколад, қонақ бөлмеміздегі алауошақтың иісі, күзгі жапырақтар.
Жасыл жолақты тұсқағаздары бар, ағаш тақтайшалармен қапталған кішкентай кірпіш үйіміз болатын.
Қыз кезімде мен картинг айдап, баскетбол ойнадым. Парклейн академиясы деп аталатын христиан мектебіне барғанмын.
Мені алғаш тебірентіп, таңдандырған сәт үй қызметшіміздің кір жуатын бөлмеде ән салғанын естіген кезім еді. Кір жуып, киім үтіктейтін әдетте өзім едім, алайда жағдайымыз жақсы болған кездерде анам көмекші адам жалдайтын. Қызметші әйел шіркеу әнін шырқағанда, бір жаңа әлем ашылғандай болды. Ол сәтті ешқашан ұмытпаймын.
Содан бері әнге деген ынтықтығым, құштарлығым арта түсті. Ән айту – мен үшін сиқыр. Мен ән айтқанда өз билігім өзімде болатын. Әннің тілі еркін, ән айтқан кезде «сәлем, қал қалайдан» әлдеқайда тереңірек сырларды жеткізе аласың. Ән айтқанда тілдің маңызы жоғалып, бәрі де мүмкін болатын сиқырлы мекенге тап боламын.
Бар арманым – өмірден алшақтап, сезімдерімді еркін білдіру. Жалғыз қалғанда санам уайым мен қорқынышқа толатын. Музыка мені әлемнің шуынан құтқарып, өзіме сенім сыйлап, өзімді өз қалауымша танытып, тыңдауға жол ашты. Ән арқылы құдіретті күштің барын сезініп, бұл әлемнен жырақтайтынмын. Өзге балалар секілді аулада ойнап жүрсем де, ойым мен сезімім бөлек мекенге самғайтын.
Өз ісіме тыңғылықты едім. Құрбымның ауласында Мерайя Керидің әндеріне бейнебаян түсіріп ойнағанымды ойын деп ойламадым. Сегіз жасымда өзімді режиссер ретінде көрдім. Мен тұрған қалада ешкім мұндай іспен айналыспағандай. Әйткенмен бұл өмірден не қалайтынымды біліп, соған жетуге тырыстым.
Өнер жолында жүрген, әртүрлі рөлдер сомдайтын әртістер бұл әлемнен жырақтағысы келеді, мен де соны қаладым.
Өз қиял әлемімде өмір сүргім келді. Ән шындық пен қиялды, осы өмір сүріп жатқан әлем мен өмір сүргім келетін әлемді жалғайтын көпір еді.
Отбасыма қасірет үйір еді. Екінші атым әкемнің анасы Эмма Джин Спирстің есімінен шыққан. Мен оның суретін көргенде